Республиканский социально-благотворительный
проект, призванный увековечить память
о героях Великой Отечественной войны.
Рус  /  Қаз

Помни о победе каждый день

Конкурс "Мой Герой"- Самал Сардарбек

Новости проекта
Конкурс

Мен үшін, мен сияқты тәуелсіз еліміздің болашағы –жас ұрпақ үшін халқымыздың бүгінгі бақытты күнімізге қалай қол жеткізгенін, бабалар ерлігін, отансүйгіштігін үлгі тұту аса маңызды.
Мен майдангер атам Сардарбек қайтыс болғанда 4 жаста екенмін. Сондықтан атамның өз аузынан әңгімелерін, өсиет сөздерін тыңдап, тәлім алу мүмкіндігі болған жоқ. Есесіне отбасымызда, әулетімізде кеше Отан –Ана «Аттандап», ұран салғанда жастайынан қолына қару алып, қатарластарымен қанды қырғынға қатысқан атам Сардарбектің, оның замандастарының ерліктерін әңгіме етіп отырамыз. Мен атамның атын өзіме (фамилия) тек етіп алған немерелерінің алғашқысы екенімді мақтан тұтамын. Кеудесі орден-медальдарға толы, бізге мейірімін төге қарап тұрған үлкен суреті ұрпақтарының әрқайсысының төрінде ілулі.
Елімізде бейбітшілік орнап, халықтың бақытты өмір кешкеніне де, яғни Ұлы Жеңіске биыл 70 жыл толады. Бұл жеңіс өздігінен, оңайлықпен келмегенін бүгінгі жас ұрпақ білеміз. Жеңіске ата-әкелеріміз бен аға-апаларымыздың жанқиярлығы мен қайсарлығының, халықтар бірлігінің нәтижесінде қол жетті.
Көнекөз қариялардың айтуына қарағанда бүгінгі біздің ауылымыз- Қызылорда қаласының батыс беткей іргесіндегі Талсуат ауылдық округіне қарайтын бірнеше елді мекендердің өзінен кезінде жүздеген адам соғысқа аттанған.Олардың бірқатары майдан даласында, жат жерде қалса, ендібірінің хабар-ошары болмады, бір бөлігі елге аман оралып бейбіт өмірде еңбекке араласты. Сондай майдангердің бірі- соғыс және еңбек ардагері, ардақты ұстаз Нұрмағамбетов Сардарбек болатын. Ол 1923 жылы 17 қыркүйекте осы өңірде дүниеге келген еді. Атамның естеліктерінен оның өмір тауқыметін көп көргенін білдім. Жастайынан ата-анадан жетім қалып, өмірге ерте араласқан. Мектеп бітіріп, мұғалімдер даярлайтын курста оқып жүрген кезде Ұлы Отан соғысы басталып, өзі сұранып 1942 жылдың маусымында, 19 жасында соғысқа аттанады. Орталық майдан құрамында, пулеметші ретінде Смоленск қаласында алғашқы шайқасқа кіріп, Невель қаласын азат етуге қатысады.Калинин майданында Даугава, Шяуляй, Вайноде, Городок қалаларын, Украина, Румыния жерлерін жаудан тазарту операцияларына қатысқан. Австрияда одақтас мемлекеттер жауынгерлерінің кездесуінде болады. Ол жеңісті Румынияда қарсы алыпты. Көптеген соғыс операцияларына қатысып,ерлікпен шайқасқаны үшін «Қызыл жұлдыз», І, ІІ- дәрежелі «Отан соғысы» ордендері мен 8 медальды омырауына тақса, 7 рет Жоғарғы Бас қолбасшының жазбаша алғысына ие болады. 5 рет ауыр жарақат алады. Ел қорғауға қатысқан жауынгер өзінің ержүректілігі мен отансүйгіштігін осылайша танытты.
1945 жылдың қарашасында елге оралып, мұғалімдік мамандығы бойынша Талсуат ауылындағы (бұрынғы «Колос») «Шайкөл» орыс-қазақ мектебінде (кейіннен «Комсомол» бастауыш, №178 орта мектеп) ұстаздық қызметін бастайды. Бейбіт өмірде де ол кісі өзінің білімділігі мен іскерлігін, еңбек сүйгіштігін көрсете білгендігін бірге қызметтес болған әріптестері, тәлім – тәрбиесін алған шәкірттері, ұстаздық қызметті мақсат тұтқан ізбасарлары үнемі айтып отырады.
Ұзақ жылдар бойы мектеп ұжымына басшылық жасағанын, мектептің іргесінің нығайып, керегесі кеңеюіне үлкен үлес қосқандығын ауыл тұрғындары ризашылықпен осы күнге дейін еске алады. Өзінің тікелей басшылығымен бұрынғы шағын мектеп үйлері салынған болса, кейін кеңейтілген мектепті ашу ол кісінің жоғарғы органдар алдына табанды түрде мәселе қоюы нәтижесінде жүзеге асқан. Мектептің іс-тәжірибесі негізінде аз комплектілі мектептердегі оқу -тәрбие процесін ұйымдастыру мәселесі бойынша республикалық, облыстық семинарлар өткізілген. Отбасындағы сақталған атамның іс-тәжірибесі жайлы үлгі ретінде арнайы шығарылған буклеттерді, плакаттарды, кезінде «Қазақстан мектебі» журналында, «Қазақстан мұғалімі», «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы»), «Сырдария» газеттерінде берілген жарияланымдарды парақтай отырып, өз мамандығына берілген Ұстаз бейнесі көз алдыма елестейді.
Білім саласындағы ұзақ жылғы табысты еңбегі ескеріліп, «Қазақстан Республикасы Халық ағарту ісінің үздігі» белгісімен, ҚР Президентінің Алғыс хатымен, Республика Білім министрлігі мен бірнеше рет облыстық және аудандық білім бөлімінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды.
Жарты ғасырға жуық ұстаздық еткен атам 1995 жылы құрметті еңбек демалысына шыққанмен, қол қусырып отырмай мектеп ұжымынан қол үзбей араласып, ізбасарларына ақыл-кеңестерін беріп, жеткіншектерге тәлім-тәрбие, өнеге-үлгі көрсетіп отырған еді. «Әсіресе, ардагер ағамыздың Отанды сүю, оны қорғау, адамгершілік, ұлт тарихы, дәстүрі, мәдениеті, тілі, ділі, діні жайлы тартымды әңгімелері кімді де болса қызықтырып, баурап әкететін. Қанды майданда ерлікпен қаза тапқан қазақтың Батыр қызы Мәншүкті жерлеуге қатысқанын, сол кездегі әскери газет тілшісі, кейіннен атағы мәлім болған жазушы Әзілхан Нұршайықовпен кездесулерін аса бір сезіммен әңгімелейтін. Қандай да болмасын соғыс, мейлі жеңген немесе жеңілген жаққа болсын, шексіз қайғы-қасірет әкелетінін, сондықтан да еліміздегі бейбіт өмірді, тыныштықты, түсіністікті бағалай білуіміз керектігін айтудан жалықпайтын»- деп еске алады атаммен әріптес болған Шынар Ахметова апай. Ұстаздық еткен жылдары ішінде атамнан жүздеген шәкірттер тәлімді тәрбие, терең білім алды. Бүгінде олардың алды зейнеткерлікте, еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет атқарып жүргендері қаншама. Ұлағатты ұстаздан білім алған ондаған ғылым кандидаттары мен ғылым докторлары да бар. Шәкірттерінің қайсысымен әңгімелессеңіз де ұлағатты ұстаздары болған ағайлары - Сардарбек атам жайлы әрқашанда жылы лебізбен, ыстық ықыласқа толы ризашылық пікірлерін білдіреді. Меніңше, ұстаз бақыты дегеніміз де, ұрпақ мақтанышы дегеніміз де осы.
Менің атам сонымен қатар ауыл-аймақтың тыныс-тіршілігіне, ел бірлігі үшін де ерінбей ат салысатын. «Ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы ретінде қандай іс болсын, не мәселе болсын сол кісінің араласуымен шешімін табушы еді» - деп, бүгінде бізді көрсе үлкен кісілер еске алып, жылы лебізін білдіргенде, кеудемді ерекше мақтаныш кернейді. Халық ол кісіге сенім артып бірнеше рет халық депутаттары ауылдық, аудандық кеңестерінің депутаты етіп сайланыпты. 1995 жылы «Сырдария ауданының құрметті азаматы» атанған. Сардарбек атам мен Жәмилә әжемнен тараған ұрпақ бүгінде әрқайсысы өмірдегі өз орындарын тауып, елге елеулі, халқына қалаулы болып, ол кісілердің аңсаған армандарын жүзеге асыруда. Олардың арасында атама ұқсап ұстаздық жолын жалғастырушылар да баршылық. Атам ұстаздық еткен №178 орта мектеп ұжымы ардагердің өмірден озғанына оншақты жылдан асса да, жыл сайын Жеңіс мерекесі қарсаңында еске алу шараларын ұйымдастыруды жалғастыруда. Мектептің спорт залында қала маңындағы ауылдық округтердің командаларының қатысуымен волейболдан еске алу турнирін өткізу дәстүрге айналды.

Мен бүгінде Қызылорда қаласындағы М.Мәметова атындағы гуманитарлық колледжде білім алудамын. Оқу орнындағы Мәншүк апамызға арналған мұражайда менің атамның да суретін (оқушылармен кездесу кезі) алғаш көргенде қандай сезімде болғанымды айтпаса да түсінікті. «Мынау – менің Сардарбек атам» -деймін құрбыларыма. Әрине, екінші жағынан аға ұрпақ дәстүрін жалғастырып, өз Отанымды, елімді, халқымды сүюге тиіс екенімді сезіне түсемін. Өйткені, осы үшін де олар қасық қанын да, шыбын жанын да аяған жоқ.

Вы можете проголосовать за этого автора в группе Конкурс "Мой Герой"- ГОЛОСОВАНИЕ в ВКонтакте

Голосование продлится до 20 августа