Республиканский социально-благотворительный
проект, призванный увековечить память
о героях Великой Отечественной войны.
Рус  /  Қаз

Помни о победе каждый день

Конкурс "Мой Герой"- Неттулина Актоты

Новости проекта
Конкурс

Соғыс, соғыс. Қандай суық сөз бұл! Сол сұрапыл жылдарда қанша азамат жер құшты, қанша бала әкесінен, қанша ана баласынан, қаншама үй тірегінен айырылды. Ауылдан сән, өмірден мән кетіп, сұрықсыз бір дүниеге айналды.
Соғыс миллиондаған адамдардың өмірін қиып, жүздеген қала мен елді мекендерді тып - типыл етті. Сөйтіп соғыс әр үйге, әр отбасының өміріне жазылмас жараның ізін қалдырды. Ұлы Отан соғысы Кеңес Одағы халықтарының тарихындағы қасіретті бет қана емес, сонымен қатар ол халықтарымыздың теңдесі жоқ ерлігі мен қажыр - қайратының, бірлігінің дәлелі еді. 1941 жылы 22 - маусымда гитлерлік Германия КСРО - ға опасыздық пен шабуыл жасады. Сол күні кеңес үкіметі халықты Отан қорғауға шақырды. Майдан даласына қаншама қазақ азаматтары да белін бекем буып өз ұрпағының келешегі үшін аттанды...

         Міне, Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына да 72 жыл өтті. Бұл сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгілік қалатын күн. Бұл күнді соғыстың алғы шептерінде қайсарлықпен шайқас жүргізіп, ерліктің сан үлгісін көрсеткен ардагерлер тойлайды. Ұлы Жеңіс күні елі мен жері үшін жанын пида еткен, туған - туысқандарына, жақын - жарандарына, туған жеріне, ауылына оралмай қалған қаһарман ерлерді бүкіл елі болып еске түсіреді.

Қазақ ел басына күн туғанда жалғыз жанын қу шүберекке түйген жауынгер халық болған. Ұлан байтақ даласының бір тұтам жері үшін қорқу деген сезімді жүрегінен жұлып алып тастаған. Тіпті арыға бармай - ақ кешегі Ұлы Отан соғысының әлі сарғайып үлгермеген қатпарлы парақтарына үңіліп қарасақ қазақтардың қанды қырғында қаймықпай соғысқанына анық көзіміз жетеді. Оған мысал айқас алаңдарында өшпес ерлік жасаған қайсар жауынгерлеріміздің бірі – Шайдулла Нетуллаұлы, яғни менің қайсар атам.

Сондай қиыншылық жағдайда дұшпанның қаптаған қарақұрым күшіне төтеп беріп, олармен табан тіресе шайқасқан атамыздың ерлігі біздің көкірегімізге мақтаныш сезімін ұялатады. «Ерсiз ел болмайды, елсiз ер болмайды»,- дейдi батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы. Ұлы Отан соғысында ел күйреп, таүлай адам ажал құшты. Сол соғыста өзiнiң қайсар ерлiгiмен, қайратты мiнезiмен жауынгерлерге жiгер берген бабаларға мың алғыс. Осы ержүрек бабалар қатарында атамның еңбегi ерекше.

Соғысқа менің атам Нетуллин Шайдулла 1942 жылы аттанған екен. Менің атам 1924 жылы қыркүек айының 12-ші жұлдызында Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Темір қаласында дүниеге келген. Ата - анасы шаруа адамдары болған. 17 жасқа толғанда әскерге алыныпты. Осы жылы Минск қаласында шайқасқа қатысыпты. Ол кісі көзінің тірісінде балаларына бар білгенін, ақылын аямай санасына сіңіруге тырысатын.
Атам 1945 жылы елге аман - сау оралып, үй іші қуанышқа кенеліпті.1946-53 жылдары мәдениет бөлімінің меңгерушісі, 1953-54 жылдары орталық жинақ кассасында инспектор, 1954-59 жылдары мектеп инспекторы, кабинет меңгерушісі, 1965-81 жылдары Темір арнайы мектебінің директоры қызметінде жұмыс жасапты. 1981-90 жылдары қазіргі С.Бәйішев атындағы Темір орта мектебінде мұғалім болып қызмет жасады. Ұлы Отан соғысының ардагері атанды. Атамыз Күләш әжемізбен бас қосып, отбасында алты ер баланы дүниеге әкелген. Ауылдағы үлкен жанұяға айналған отбасыдан балалары тарап, тамыры терең жайылыпты. Әр баласы бөлек - бөлек шаңырақ көтеріпті. 22 немересі, 41 шөбересі бар бүгінде. Жыл сайын көктеммен бірге келетін Жеңіс тойына омырау толы медалін тағынып жиындарға қатысып жас жеткіншектерге өз батасын беруші еді. Шіркін, өмірдің зулап, зымырап өтуін қарашы. Ол кез оралмасқа кетті.
Ақыл - кеңестің таусылмас қазынасындай боп үйдің төрінде отыратын тау тұлғалы атам 76 жасқа жеткен кезінде, 2000 жылы бұл дүниеден мәңгілік сапарға аттанды. Бұл қаза менің жаныма қатты батты. Амал не, әр күн сайын атамды еске алып сағынышымды басамын.

Қазір біз болашағы жарқын, бағыты айқын тәуелсіз елде өмір сүріп жатырмыз. Бүгінгі ұрпақ бұл азаттықтың қалай келгенін әрине біледі. Қазіргі таңда қаншама елдің бірлігінің бұзылған уақытында тату - тәтті ғұмыр кешіп жатқан біздер, шынымен де бақыттымыз. Бұл тәуелсіздік менің Отаныма берілген тәңірдің сыйы. Аналар да, балалар да жыламасын, даламыз жұтамасын. Ұланғайыр кең даламды соғыс өрті шарпымасын. Бұл әрине барлық адам баласының арман - тілегі. Бейбітшілік жасасын!         

Вы можете проголосовать за этого автора в группе Конкурс "Мой Герой"- ГОЛОСОВАНИЕ в ВКонтакте

Голосование продлится до 20 августа